Қазақстан Республикасының Конституциясы

«Конституциялық реформа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын белгіледі.

Бұдан былай әділдік, ашықтық және Ынтымақтастық қағидаттары қатаң сақталатын болады.»

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

на русском. қазақша. in English.

VI бөлім. Конституциялық Сот

71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі сегіз жылға созылады.

Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды.

2. Конституциялық Соттың Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды.

3. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мəжіліс тағайындайды.

Республика Президенті Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

4. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Соттың судьяларын өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртібімен белгіленетін əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі.

72-бап

1. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

1) дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;

2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды;

2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;

3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

4) Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;

5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.

2. Конституциялық Сот Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасында көзделген жағдайларда – Республика Президентінің өтiнiштерiн, сондай-ақ Конституцияның 78-бабында белгiленген жағдайларда соттардың өтiнiштерiн қарайды.

3. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды.

Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тəртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3) жəне 4) тармақшаларында көрсетілген мəселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін Республика Бас Прокурорының өтініштері бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сəйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің өтініші бойынша қарайды.

73-бап

1. Конституциялық Сотқа Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, Президенттің қызметіне кірісуі, Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеу не республикалық референдумның нәтижелерін шығару тоқтатыла тұрады.

2. Конституциялық Сотқа Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша өтініш жасалған ретте, тиісті актілерге қол қою не оларды бекіту мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Сот өз шешімін конституциялық заңда белгіленген мерзімдерде шығарады.

4. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI Заңымен алып тасталды.

74-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиісінше, бекітілмейді және күшіне енгізілмейді.

2. Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның жəне азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады жəне қолданылуға жатпайды.

3. Конституциялық Соттың шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.