Қазақстан Республикасының Конституциясы

«Конституциялық реформа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын белгіледі.

Бұдан былай әділдік, ашықтық және Ынтымақтастық қағидаттары қатаң сақталатын болады.»

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

на русском. қазақша. in English.

V бөлім. Үкiмет

64-бап

1. Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.

2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің қызметінде Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты.

3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкімет мүшелері Парламент палаталарына есеп береді.

4. Үкіметтің құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

65-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметті Конституцияда көзделген тәртіппен құрады.

2. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді.

3. Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді.

66-бап

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді;

2) Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;

3) Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;

5) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;

6) министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;

7) Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің күшін толық немесе қолданылу бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;

8) Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI Заңымен алып тасталды;

9) Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы № 284 Заңымен алып тасталды;

9-1) Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;

10) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де қызметтерді орындайды.

67-бап

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

1) Үкімет қызметін ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшін дербес жауап береді;

2) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254 Заңымен алып тасталды;

3) Үкімет қаулыларына қол қояды;

4) Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке және Парламентке баяндап отырады;

5) Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтерді атқарады.

68-бап

1. Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдауда дербестікке ие әрі өздеріне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында жеке-дара жауап береді. Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не ол лауазымнан босатылуға тиіс.

2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.

69-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.

2. Республиканың Премьер-Министрі Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.

3. Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс.

70-бап

1. Үкімет жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады.

2. Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп есептесе, олар Республиканың Президентіне өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы.

3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.

4. Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Республиканың Президенті он күн мерзімде қарайды.

5. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.

6. Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған міндеттерін одан әрі жүзеге асыруды тапсырады.

7. Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.